ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың үгіт-насихат тобының кезекті жиыны Қазығұрт аудандық №11 колледжде жалғасты. Оқу орнының оқытушылар құрамы және студент жастарымен болған кездесуде қалалық штаб төрағасының орынбасары Ө.Көпеев Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кездесуге аудандық штаб мүшелері, аудандық мәслихат депутаты П.Ырсалы № 11 колледж директоры Е.Сапарұлы қатысты.
⠀
Штаб жетекшісінің орынбасарының айтуынша, сайлауалды тұғырнамада жас ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін 100 ірі орталық салынады.
⠀
— Оқушылар сарайлары, жас техниктер станциялары, балалар технопарктері, музыка және көркем өнер мектептері бой көтереді. Әрбір оқушы өзі қалаған спорт секциясына, шығармашылық үйірмеге тегін қатыса алады. Балалардың денсаулығын жақсарту үшін елімізде 50 сауықтыру лагері ашылады, — деді Ө.Көпеев.
⠀
Бәрімізге белгілі биылдан бастап балабақшаларда әлеуметтік жағынан әлсіз отбасылардан шыққан балаларға және барлық бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ беріле бастады.
⠀
Сондай-ақ жиында педагог мәртебесін көтеруге арналған жұмыстың жалғасатыны тілге тиек етілді.
⠀
— Мұғалімдердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалады. Олар өз міндеттеріне жатпайтын жұмыстың бәрінен босатылады. Ұстаз атты ардақты ұғым жоғары мәртебе мен биік парасаттың синониміне айналады, — деп қорытындылады сөзін штаб жетекшісі.
⠀
⠀