ДІНИ САУАТСЫЗДЫҚ – ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМНІҢ БАСТАУЫ
Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Сәлем әрі салауат бүкіл әлемге қамқорлық ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммед саллаллаһу алайһи уәсалламға Алланың игілігі һәм салауаттары нәсіп болсын!
«Ислам — татулық пен тағаттылықтың,
жасампаздық пен жарасымдылықтың діні»
Елбасы Н.Ә. Назарбаев
Соңғы жылдары қой аузынан шөп алмас халықтың үрейін ұшырып, күллі әлемде бүлік тудырған терроризм және экстремизм діни сипатта белең алып, бейбітшілікті ұстанған мұсылман жұртшылығына үлкен жала, қара күйе жақты. Бауырыңды нақақтан-нақақ өлімге қима, адам өлтіру үлкен күнә деп үгіттейтін ақиқат діні Исламның шын мәнісінде қандай екенін әлем мұсылмандары дәлелдеуге тырысуда. Дегенмен, теріс бағытқа түсіп, жат ағымға ұрынған азаматтар жалған сенімнің жетегінде әлі де тыныш елдің ұйқысын бұзуда.
Қазақстан әлем елдеріне көптеген конфессиялар мен ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүру мекені ретінде танылғаны рас. Дегенмен, діни экстремизм мәселесі біздің елімізді де айналып өткен жоқ.
Бүгінгі таңда діни экстремизм мен терроризм сөздерін естімеген адам аз шығар. Баспа немесе ғаламтор беттерінен шет елдердегі және Қазақстандағы діни ахуал, соның ішінде діни экстремизм мен терроризм тақырыптарына қатысты мәліметтер жетерлік. Бұл аталған мәселенің ғаламдық деңгейде орын алып отырғандығының белгісі.
Қазіргі қоғамды жауар күндей күркіреткен, тонаға тұйық тон терісін жамылған қазақ елін ғана емес, бүкіл әлемді дүркіреткен пиғылы жат теріс ағымдар дүниежүзілік проблемаға айналып отыр. Асыл дініміз исламға күйе жағып дін атын жамылғандар ислам десе зәресі зәр түбіне жетіп, шошынып қарайтын күйге түсткені жасырын емес.
Алла тағала Құран Кәрімде: «Аллаға бағыныңыздар, оның пайғамбарына бағыныңыздар және өз араларыңыздан болған басшыға бағыныңыздар», — деген. Құран Кәрімде ел арасында ірткі салудың күнәсі адам өлтіргеннің күнәсінен де ауыр, ал бір адам өлтірудің күнәсі жер бетіндегі бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей дейді.
Бүлік шығарып, ақиқатты бұрмалаңдар демейді, әлбетте. Тазалық пен бейбітшілікті ту еткен дініміз адамзат баласына имандылықты, парасат пен пайымды, кешірім мен келісімді, шапағат пен мейірімді, қанағат пен рахымды, білім мен еңбекті насихаттайтындықтан мұсылман адамға көптеген жауапкершіліктердің жүктелетейді. Солардың ішінде шынайы дінімізді насихаттау, қоғамды ізгілікке шақыру – басты мақсаттардың бірі. Бүгінде ел мұсылмандарының бірегей орталығына айналып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарапынан ел бірлігі, ішкі саяси біртұтастық мәселелері басты орындарға қойылып, тиісті деңгейдегі жұмыстар жүзеге асырылуда.
Қазір елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың бәрін бір мақсат пен ортақ мүдде біріктіріп, топтастырып, ауыз біршілігін күшейтіп отыр. Алайда, еліміздегі осыншалықты тындырымды тірліктерімізге сына қағуға тырысып, түрлі іс-әрекеттерімен жұртшылықты, соның ішінде жастар өкілдерін адастырып жүрген кереғар діни ағымдардың да барлығын айтуға тиіспіз.
Қазіргі таңдағы өзекті деген үлкен мәселелердің бірі – жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі сондай діни ағымдар десек артық айтқандық емес. Кереғар діни ағымдар қоғамға, айналаға, соның ішінде жастарымызға ерекше әсер етіп, ұдайы адастырумен келеді. Соның салдарынан отбасылардың ажырасуы көбейіп, түрлі дінді ұстанудың нәтижесінде жанұяларда ұрыс-керістер орын алып, көптеген бөлінушіліктерге негіз болуда.
Бірлік – мұсылмандықтағы басты қағидалардың бірі. Бұл жөнінде Алла тағала Қасиетті Құранда: «Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер», – деген .
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуа болғандарың».
Кемеңгер Елбасымыз да өз сөздерінде тұрақты түрде ынтымақ, бірлік мәселелерін көтеріп, «Бірлік – біздің қасиетті туымыз» деп бірлік, ынтымақ мәселелеріне ұдайы көңіл бөліп келеді. Сондықтан бұл қасиетті ұғымдар біздің елдігімізді, мемлекеттігімізді көрсететін негізгі ұстындардың бірі.
Енді осы ағымдар қарапайым адамдарды қандай айла-әдістермен еліктіретініне тоқталайық. Біріншіден, жаңадан қабылданған «шәкірт» теріс ағым мүшелерінің психологиялық қысымына ұшырайды. Бізден басқа мұсылманның барлығы «адасқан, кәпір» деген сияқты әпсананы құлағына құяды. Екіншіден,дәстүрден тыс діни ағымдар мүшелері қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, өз бетінше бөлектене бастайды. Үшіншіден,қауіпті ағымдар мүшелерінің ойлау қабілетін тежейтін түрлі әдістемелерді қолданады. Мәселен, бір сарынды ұстаздардың уағызын тыңдатып, психологиялық тәуелділікке ұрындырады. Шындығында мұсылман қандай болу керек? Әрине, нағыз мұсылман адам, біріншіден, әрбір іс-амалында Алладан қорқып, Алла тағала көріп тұрғандай құлшылық жасауы керек. Екіншіден, кісіге үкім шығарып, «сен кәпірсің, күнәһарсың» деген сөздерді қолданбауы қажет. Үшіншіден, айналасына пайда тигізетін мейірімді жан болуы тиіс. Өйткені Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ең жақсы мұсылман – басқаларға тілімен және қолымен зиян келтірмейтін», -деген. Ал, «Қорқытпаңдар, сүйіншілеңдер, ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер», — дейді келер бір хадисінде.
Қазақ даласында ханафи мәзһабы салт-дәстүрлерімізбен сабақтасып кең етек жайған. Қазақ осы мәзһабты ұстана отырып өзінің әдет-ғұрпын да сақтап қалған, намазын оқи отырып қымызын да ішкен, оразасын ұстап, бәйгеде ат шаптырған, бір Аллаға дұға ете отырып баласының тұсауын да кескен, Аллаға сәжде ете отырып келініне құрмет ретінде сәлем де салдырған, азанын шақыра отырып домбырасын да тартқан. Осының бәрі ұлттық келбетімізді сақтап, дінімізді қорғау болып саналған. Біз шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз. Солардың арқасында бізде ешқашан да діни алауыздықтар, келіспеушіліктер болмаған.
«Ынтымақ болмай, тірлік болмас» дегендей айтылған мәселелердің алдын алу үшін жұдырықтай жұмылып, ілім мен білімді жеткізіп, жастардың көкірек көзін ашу керек. Ал бұл жағдайда тек дін мамандары ғана емес әрбір ата дінін бойына сіңдірген азамат үлес қосуға міндетті.
Дін — мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – біз ұстанған ислам дінінің басты мұраты, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Олай болса, жат ағымның бірлікке емес, бүлікке алып баратын жол екенін ұмытпайық, ағайын!