Сыбайлас жемқорлық – ғасыр дерті
Бiз XXI ғасырдың жаңа қоғамында өмiр сүрiп жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты iскерлiк болып табылады және бұл жолда жетiстiктерiмiз де аз емес. Сондай-ақ, шешiмi күрделi мәселелер де бар. Ол – әлеуметтiлiк мәселе. Бұл салада қоғам өмiрiнде түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мәселе, ол – сыбайлас жемқорлық. «Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік — «параға сатып алу», «пара беру» деген мағына береді.
Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бiрақ бұл мәселе әлi толық шешiмiн тапқан жоқ.
Ел болып еңсемізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылғанымызға жиырма жылдай уақыт өтті. Өткенімізге көз салсақ, cыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің дамуына, болашаққа айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табуда. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орынын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды. Ол жол – ҚР-ның Президенеті Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен алға қойылған сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Олар, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен барынша күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын болмауы тиіс. Қоғамның барлық күшін біріктіріп, осы дерттің одан әрі күшеймеуі үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана ғасыр дертіне тиімді түрде қарсы тұруға болады. Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық әрбір Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы.