Есірткісіз болашақ
Адамзат тарихындағы қаншама қанды оқиғаның себепшісі, неше түрлі зұлымдықтардың да бастаушысы «апиын» — болғанын білеміз.
Біздің ғасырымыздың басты дерті — нашақорлық.
Біреулер есірткі таратып, байлыққа кенеліп, белшесінен батып жүр, ал қаншама жан бұдан бақытсыздыққа ұшырап, өлім құшуда. Ел ішінде нашақорлар саны жыл сайын артуда, ал біз болсақ көрмеген, білмеген кейіп танытамыз. Өз басымызда болмаған соң, өзгенің проблемасына жүрегімізді де, жанымыздыда ауыртқымыз келмейді. Адам баласы алдында не күтіп тұрғанын білмейді, артта ұрпақ өсіп келеді. Не істеу керек? Жастарды оның құрығынан қалай құтқарамыз? — деген сауалдар әрине адам жанын мазалайды.
Есірткіге еліктейтіндер негізінен жасөспірімдер мен жастар. Олар өлімнің не екенін терең ұғынбайтын жаста есірткіге ұрынады. Өлімнен үлкендер қорқуы мүмкін, жастар қорқпайды нашақор үшін өлім- жалған дүниемен бірдей.
Жастар психологиясына жүргізілген зертеулер, олардың – орта іздейтіндігі, ортасы жоқ жасөспірім жапанда жалғыз қалғандай сезінетіндігі дәлелденген. Ал ортада қай бала жан-жақты пысық, соңынан өзгелерді ерте алатындай қаблеті болса, соған ұқсағысы келіп ұмтылады. Ол жақсы бала ма, жаман бала ма есеп беріп жатпайды, әйтеуір айналасындағылардың түрткісін оятады, ол түрткі немен аяқталады, ол баланың табиғатына байланысты болады.
Бүгінгі күні баланы қызықтыратын орта аз, қала баласы түнгі клуб, би алаңдарын айландырса, ауыл баласы көше тоздырып, арақ-шарап ішуге әуес. Нашақорлар неге көбейіп кетті дейсіз? Оның себебі бала тәрбиесіне көп көңіл бөлінбеуінде. Жасыратыны жоқ, көптеген ата-ана баласымен тек қана материалдық тұрғыда ғана әңгімелесумен шектеледі, қарның тоқ па, көйлегің көк пе дегендей. Баламен әңгімелесуге, оны не толғандырып жүргенін, оның ортасы қандай, достары кім екенін білуге, жас өспірімнің бос уақытын қайда, қалай, кіммен өткізетіндігін білуге, сырласуға уақыт таппаймыз. Көбнесе ауқатты отбасының балалары қарны тоқтықтан, істейтін іс жоқ болғандықтан нашақорлыққа, есірткі сатушыларға қосылғанын байқамайды да.
Осы орайда «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген Ұлы Абайдың орынды тауып айтқан өлең шумағы есіңізге түседі. Жас кезінде адам қызыққыш келетіндіктен қызық көріп, біреулері есірткі дәмін татып көруден бастап, ал екінші біреулері, біреулердің мәжбүрлеуімен нашақор болып кеткендер бар. Есірткіні таратушылар қызық көріп жүрген жастарды, «Инемен салмасаң болды» нашақор емессің, ал біз иіскейміз, одан нашақор болмаймыз деп алдауы да мүмкін. Ал шындығында, жас организм есірткінің дәмін бір рет татқан соң тәуелді болып шыға келеді..Біз бала тәрбиесін оқу орнынақарай ысырып қойғанбыз, содан кейін сол оқутышыларды кінәлаймыз. Бұл үлкен қателік екендігін, қайта біз оқу орнының және оқытушының беделін, мәртебесін көтеруге ықпал етуіміз керек. Біз бала тәрбиесін уыстан шағарып алдық. Өз ара ұғыну психологиясы ескерілуден қалып бара жатқандығын, от басында ата-ана мен бала бір-біріне суық, рухани адамгершілік тұрғысында отбасында дағдарыс қалыптасты. Бірақ бұл дағдарысты көпшілік сезіне бермейді, өйткені әркім өз кемшілігін өзі көре алмайды, түзей алмайды. Отбасындағы дағдарыс қоғамдық деңгейге қалықтап шықты, осыдан келіп өз арамызда нашақорлар мен араққұмарлар саны арта түсті. Бізде, «бала ертең-ақ өседі, ненің жақсы, ненің жаман екенін өсе келе өзі де біліп алады» деген қате ұғым бар.
Психолог- дәрігерлер: «отбасында бала ішімдік, темекі, есірткі сияқты естен айыратын әзәзіл туралы ерте бастан естігені дұрыс екендігін, бала жаман әдет туралы ерте білсе, соғұрлым тез жиренетіндігін, одан бойын аулақ ұстайтындығын ескертеді.
Күнен күнге психоактивтік заттардың зияндығына қарамастан оны қолданатын адамдардың саны артуда. Жасөспірімдер нашақорлығының әлеуеттік келешегін мамандар алдын ала болжауға болатындықтан олар:
— Біріншіден, 12-18 жастағы нашақорлар — бұл ар-ождан принциптері бұзылған, адамгершілік қасиеттері төмен денгейдегі адамдар.Сонымен қатар, есірткі қолдану балаларды жиі қылмысқа итермелейді. Сөйтіп 10-20 жылдан кейін жас өспірім нашақорлық әлеуметтік қауіп тобын құрайды.
— Екіншіден нашақор балалардың көпшілігі өліп кетеді немесе дені сау келешек ұрпақ өсіре алмайды, яғни СПИД, вирусты гепатит, ақыл-ойдың дұрыс болмауы және т.б. аурулар біздің қоғамның дамуына көп қауіп төндіреді.
— Үшіншіден мұндай жағдай қоғамның экономикалық және саяси ахуалына өз әсерін тигізеді, білім және маман әлеуетінің (потенциалын) төмендеуі, жұмыс күшінің азаюы мен есірткі бизнесінің шарықтауы экономикалық дағдарысты одан әрі өсіреді де нәтижесінде тұрақтылық бұзылады. Сонымен қатар есірткі тек оны қолданатын адамға ғана зиянын тигізіп қоймайды, сонымен қатар оның жақындарына, туыстарына және жалпы қоғамдағы адамдарға көп қиындықтар туғызады: 1 нашақор 10 адамның өмірін бұзады. Соңғы жылдары елімізде есірткінің заңсыз айналымы проблемасы жалпы ұлттық сипатқа ие болуда. Есірткі заттарының аса қымбат еместігі, оларға іс жүзінде еш кедергісіз қол жеткізудің мүмкіндігі нашақорлар қатарының кемімей, қайта керісінше үнемі артып отыруына алып келді.
Осыған байланысты, қоғамдық – қасіреттің алдын алу мақсатында жергілікті жерлерде оқушылар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, жастарды спортқа, басқада мәдени ұйымдарға тарта отырып олардың бос уақыттарын кіммен қалай өткізетіндігіне аса көңіл бөлінсе дегім келеді.
Нашақорлық дерті ең алдымен есірткіні өндіруден және оны тасымалдаудан, сатудан бастау алатыны белгілі. Ал, есірткіні екі-үш қолданғаннан кейін адам оған тәуелді болып, айықпас дертке ұшырайды. Оның аты – нашақорлық. Бұл дертті емдемесе одан әрі асқына беретіні сөзсіз. Оны емдеудің бірнеше жолы бар. Біріншісі — өз ықтиярымен емделгісі келетіндер. Сондай-ақ, тәжірибеде науқастың ықтиярынсыз емдеу түрлері де қолданылады. Ол көбіне сот шешімдеріне сәйкес іске асады.
Есірткіге құмарлықты толық емдеп шығуға болады. Нашақорлықтан емделу тек шын ниет еткенде ғана нәтиже береді. Адам шын ниет етсе, кез келген ауруды да жеңуге болады. Тек мұндай мүмкіндік дерттің алғашқы кезеңінде ғана көбірек болатынын ұмытпау керек. Екіншіден, адамды орта, айналасындағылар билейді.
Еліміздегі есірткіге байланысты қылмыстарды сараптасақ, оның саны жылдан-жылға артып, әсіресе жастарымыздың арасында белең алып бара жатқаны ойландырмай қоймайды. Кез келген адам бұл кеселдің қауіпті екенін жақсы біледі. Әйтсе де оған саналы түрде барған жанның сол тозақтан қайтып саналы түрде шыға алмай қалатыны – нағыз қасірет. Аталған індетті тоқтату үшін алдымен үш жақты стратегия талап етіледі. Мысалы, нашақорлықтың алдын алу, есірткіге тәуелділіктен емделу жолдарын жеңілдету, нашақорлықты емдеуді ұйымдасып қолға алу.
Осы індеттің алдын алу мақсатында Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті ЖД-158/2 мекемесінің әкімшілігі тарапынан көптеген жұмыстар атқарылуда. Мекемемізде жазасын өтеп отырған сотталғандардың басым көпшілігі жас азаматтар. Жас шыбықты қалай исең, солай қарай өсетіні белгілі. Әйтсе де, мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары әділет капитаны Нұртай Тұрсұмұратұлы Исаев сотталғандар алдында нашақорлықтың адам өміріне зияндығы жөнінде лекция сабақтарын өткізді. Сонымен қатар мекеменің жасақ бастықтарына әр жасақта арнайы түрде нашақорлықтың алдын алу және зияндығы туралы арнайы қабырға газетін жасау жөнінде тапсырмалар берілді. Нашақорлардың өмірге деген көзқарасын өзгерту мақсатында көптеген іс-шаралар өткізіліп тұрады. Салауатты өмір салтын ұстанып, көптеген пайдалы істермен шұғылдануына, өз қателіктеріне өкініп, қайта шалыс баспауы үшін көптеген жұмыстар атқарылып, нәтижесін беруде.
Нашақорлық бүгінгі таңда адамзатты алаңдататын, әлемдік деңгейге көшкен проблемалардың бірі. Құқық қорғау органдарының нашақорлық дертін алдын алуға бағытталған шараларының жүргізілуіне қарамастан, бұл дертке ұшыраған адамдардың, сондай-ақ есірткіге байланысты қылмыстардың саны жылдан жылға өсіп келеді. Есірткіге байланысты қылмыстарды бір сөзбен наркобизнез немесе наркомафия деп айтуға болады, өйткені нашақорлық дерті ең алдымен есірткіні өндіруден және оны заңсыз тасымалдаудан, сатудан бастау алады. Есірткі бизнесімен әлемнің іргелі елдерінің барлығы күресуде және ешбір ел халықаралық бірліксіз есірткі бизнесіне қарсы күресте айтарлықтай табысқа жете алмайды. Сондықтан есірткі бизнесімен күресті күшейту мақсатында арнайы халықаралық ұйымдар жоспарларын, тапсырмаларын қабылдауда және жүзеге асыруда. Өз кезегінде ол, әр елде құрылған есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеттерін, ұйымдарын, мекемелерін бірігіп жұмыстануына әкелуде.
Қазіргі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы біздің республикамызға есірткі бизнесімен күресу үшін қаражат бөлуде, өйткені көпшілігімізге белгілі Қазақстан есірткі транзитінің үстінде жатыр. Атап айтқанда, Оңтүстік Батыс Азия, Ауғанстан елдерінен Ресейге, одан әрі Батыс Еуропаға асырылатын есірткілер еліміздің кең даласын өтіп шығуда. Оның өзі біздің аймағымызға есірткінің контрабандалық транзиттік жолмен өтетіндігіне байланысты «Жібек Жолы» деген атауды іліп отыр. Бірақ бұл арнайы қызметкерлердің іс қимылдары ойдағыдай еместігін білдірмейді, өйткені бір ғана Ұлттық Қауіпсіздік органдарының есірткі бизнесімен күрес саласындағы жетістіктерін айтсақ таңғаларлықтай.
Қазақстанның Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қол жеткізген нәтижелері, көбінесе халықаралық есірткі бизнесімен күрес саласындағы шет мемлекеттердің арнайы қызметтерімен және құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесуінің арқасында. Мәселен, Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің және Өзбекстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік қызметімен бірлесіп Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Өзбекстан Республикасынан Ресей Федерациясына есірткі құралдарының контрабандалық тасымалымен айналысатын трансұлттық есірткі қоғамдастығының қылмыстық қызметін анықтау және жолын кесу мақсатында «Стрела» деген шартты атаумен көп бағыттағы операция өткізілді. Операция кезеңдерінің бірін жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан тарапынан Өзбекстан-Қазақстан-Ресей бағыты бойынша халықаралық бақылаудағы героиннің 70 кг-нан астам ірі партиясын жеткізу қамтамасыз етілді. Осындай, есірткі бизнесіне қарсы Ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізген күрес шараларының қатарына, Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметімен бірлесе отырып жүзеге асырған Сафари операциясын жатқызуға болады, бұл операцияның нәтижесінде Нигериялық азаматтардан тұратын есірткілік топ ұсталып, тиісті жазасын алған болатын. Есірткі тасымалдаушылардың негізгі каналы ТМД елдерінің шекарасынан өтетіндігіне байланысты Қазақстан, Тәжікстан және Ресей ішкі істер министрліктері жыл сайын есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды контрабандалық жеткізудің жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шараларын ұйымдастырып отырады. Құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіруге және дайындауға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметтерін анықтау және жолын кесу мақсатында жыл сайын «МАК» жедел-профилактикалық операциялар жүргізіледі. Үстіміздегі жылдың 25 мамырынан бастап 15 қыркүйегіне дейін «МАК-2009» Жедел-іздестіру шарасын өткізу барысында 363 есірткі қылмысы мен құқық бұзушылық анықталды. Есірткі заттарын өткізетін 19 нүкте жойылып, есірткі заттарының заңсыз айналысы саласындағы жасаған қылмыс бойынша 79 адам ұсталды.
Сонымен қатар, жыл сайын өткізілетін «Барьер», «Көбік», «Трасса», «Допинг», «Арна», «Тосқауыл» және «Игла» профилактикалық сипаттағы республикалық операцияларымен қатар, Ішкі Істер Министрлігі және Кеден Бақылау Комитеті бірлесе отырып Қазақстан аумағында «Канал» атты халықаралық операциясын өткізуді ұйымдастыратын еді. Бұл операция Ресей, Қазақстан, Армения, Беларусия, Қырғызстан және Тәжікстан құқық қорғау органдары мен арнайы қызметкерлерінің қатысуымен өткізілетін, ал осы жылдан бастап есірткіге қарсы «Канал» профилактикалық операциясы тұрақты жұмыс істейтін жобаға айналды.
Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес тақырыбында айта келе, Қазақстан Республикасы қылмыстық құқығының тиісті нормаларының тиімділігін нығайту мәселесін де қозғап кету керек. Қазіргі уақытта республикамызда әрекет ететін заңнама әр дайым заңсыз есірткі айналымының экономикалық аспектілерін есепке ала бермейді. Есірткі қылмыстарының экономикалық базасын кесу, қылмыскерлердің заңсыз әрекетін жасау мақсатында пайдаланатын қаражат құралдарын және өзге де материалдық құндылықтарын алу арқылы жүзеге асыру қажет. Мұндай алулар заңда белгіленген тәртіппен есірткімен заңсыз әрекет жасаған, кінәлі деп танылған тұлғаның мүлкін тәркілеу ұғымымен ұштады. ТМД елдерінің есірткіге қарсы заңнамалары, осы бағыттағы заңсыз әрекеттеріне жаза түрінде мүлікті тәркілеу, кең қолданатындығымен ерекшеленеді. Ал біздің республикамыздың Қылмыстық кодексінің халық денсаулығына және адамгершілікке қылмыстар тарауында көзделген кейбір баптарының санкцияларында, атап айтсам, Қылмыстық кодекстің 261 б., 262 б.2т., 263 б., 264 б, жазаның тек бас бостандығынан айыру түрі ғана қолданылады. Тәркілеуді аталған баптарға қосымша жаза ретінде қолдану, есірткі бизнесінің экономикалық бастауының алдын-алуда ғана емес, жалпы тәркілеудің қосымша жаза ретінде қолданылуын кеңейтеді деген ойдамын.
Мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі, еліміздің ертеңі –жастар, дәлірек айтсақ XXI ғасыр жастары. XXI ғасыр жаңа технологиялардың ғасыры, жалпылама айтқанда күн сайын шығатын технологиялық жетістіктер жасөспірімдердің қызығушылығын толтыруда және ол өз кезегінде барған сайын жас жеткіншектердің тәрбиесіне, біліміне, ең бастысы денсаулығына көңіл аз бөлуде. Баршамызға мәлім, қазіргі кезде кез-келген ақпаратты, соның ішінде есірткіге байланысты мағлұматтарды интернет желілерінен, теледидардан және сол секілді телекоммуникация құралдарынан алуға болады. Тіпті, қазіргі уақытта есірткі заттарын айналадан іздеп қаңғудың немесе оны қалай пайдаланамын деп бас қатырудың қажеті жоқ секілді, өйткені интернетті ашып қалсаң болғаны, содан есірткі, көкнәр сататындар және сол есірткіні өзің үйіңде қалай жасауға болатыны туралы ақпараттар тізбектеп шыға келеді. Есірткіні үйде жасау мүмкіндігі фактілері қазір расталып отыр. Санаға әсер ететін синтетикалық есірткілік құрал жасап шығарумен және олардың рецептерін жасаумен айналысатындар, айталық «химиктер», аталмыш есірткілерді өндірумен қатар жаңа рецептерді арнайы веб сайттарға орналастырып та үлгеруде. Олардың ізіне түсу өте қиын, әлемдік телекоммуникациялы желі химиктер үшін жасырынуға қолайлы болып отыр.
Алайда «жаман айтпай-жақсы жоқ» дегендей, бүгінгі таңда мемлекет басшысының қолдауымен жастар арасында таралған есірткі дертінің алдын-алуда бірнеше акциялар жүргізіледі. Үлгі ретінде келесі акцияларды айтуға болады: «Біз – салауатты өмір салты үшін!», «Мен өмірді қалаймын», «Дені сау университеттер», «Есірткіге жол жоқ!» және т.б. Осы іс-шараларға мыңнан астам оқушылар, студенттер және жұмыс істейтін жастар үлесін қосуда.
Балалар мен жасөспірімдерді тұрғылықты жері бойынша дене шынықтыру және спортпен айналысуға тартып, бос уақыттарын ұйымдастыру бойынша балалар мен жасөспірімдер клубтарының жұмыстары жалғасып келеді. Қорытындылай келсем, жоғарыда айтқанымдай есірткіге қарсы талай-талай күрес шаралары жүргізілгенімен, нәтижесі сонда-да көңілден шығатындай емес, өйткені біз есірткіге қарсы күресеміз дейміз де, оған тамаша жарнама жасаймыз. Дегенімен, қол түсірудің керегі емес, Қазақстан Республикасы Басшылығының жүргізетін есірткі пайдаланушылар мен есірткі бизнесіне қарсы күрес бағдарламаларына сәйкес, республикамыздың әр облысында қоғамның салауаттылығы үшін қолдан келген амалдарды қарастырып, бар күшімен еңбектенетін Ұлттық Қауіпсіздік Комитеттері және құқық қорғау органдары жұмыстануда. Мен, олардың өз қызметтерін дұрыс атқаратындығына және аянбай қызмет ететіндігіне күмәнім жоқ.