«Әбу Насыр әл-Фараби мәдениет тарихында» Баяндама Матеева Гүлнар Леновна

Мемлекетті күшейтіп, тәуелсіздікті қорғайтын қоғам қандай болуы қажет? Бұған қатысты адамзат тарихында Платон, Аристотель, Әл-Фараби сынды ірі ойшылдар жауап берген. Кемеңгер тұлғалардың ізгілікті қоғам құру жөніндегі идеялары қашанда өркениетті мемлекеттің үлгісі, өлшемі болып табылады.

       Адамзат қоғамы қаншалықты дами берсін, бүгінгі ақпараттық технология үстемдік құрған ғасырда да ізгілік, адамгершілік, қайырымдылық әлеуметтік ортаның тереңдігін айқындап, мемлекеттің болашағын шешетін құндылық ретінде өзінің тарихтан бері келе жатқан орнын сақтап қала бермек. Алаш зиялысы Жүсіпбек Аймауытов жазып кеткендей, «Мәдениет жүзінде адам баласы құс болып ұшып, балық болып жүзіп, алысты жуық болдыруды анық қалап отырса да, бірін-бірі өлтіруді, зорлығы қиянаты қалмай отыр. Неге? Адам тәрбиенің құлы болуға жетпей, әлі күнгі табғаттың құлы болып жүргендігі. Адам баласы табиғатқа қашан құл болудан құтылады? Анық ақылға билетіп жалпы жұрт жақсы тәрбиелі болғанда құтылмақ. Адамшылықтың тарихына көз жүгіртсек, өмір жүзінен мысал қарастырсақ, атақты данышпандардың пікірін, сөзін байқасақ тәрбие адамды бұзуы, түзеуі көрінеді. Ұлт, ұлт тұлғасы, мемлекет, ұрпақтың зиялылығы, тұлғалануы бұның барлығы адам баласының өзінің бастапқы табиғатынан рухани деңгейі арқылы ажырап, ұлттық табиғат пен кісілік табиғатты иеленгендігін көрсетеді. Жүсіпбек Аймауытовтың айтып отырған табиғаты қоршаған орта, ата мекен табиғаты емес, адамды тарих пен мәдениет үдерісінен бөліп алып тұйыққа тірейтін табиғат, яғни надандық.

      Қоғамның негізі, болашағы ұлттық тәрбиеге тәуелді, ұлттық тәрбие болмаса қоғамдық ортада кісілік қалыптаспайды. Кісілігі жоқ қоғам мемлекетке, оның болашағы ұрпаққа қажетті құндылықтарды бере алмайды, бұндай орта тарихтың бойындағы рухани дүниелерді кейінгі уақытқа жеткізуге, мемлекет мүддесін қорғауға қабілетсіз келеді. Сондықтанда өркениетті мемлекеттің бет-бейнесі оның мәдениеті, әлеуметтік ортада адам бойында кіслік қасиеттердің орын алуымен көрінеді. Әл-Фараби жазып кеткендей, мемлекеттің рухын қоғамдағы адамгершілік, қайырымдылық, әділеттілік, шынайылық, тұрақтылық, ізгілік көтереді, рухани құндылықтары ғана сақтай алады.

      Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала» еңбегінде адам танымынан бастау алып, оның қызметімен (ісімен), рухани өмірімен жалғасатын құндылықтарды, білім түрлерін кеңінен талдаған. Ойшылдың ұғымынша қоғамның беріктігі, тұрақтылығы, күштілігі имандылықтан, жаратылыс құдіреті туралы адамзаттың дұрыс танымынан (ілімнен) бастау алмақ. Барлық ғалам, адам баласы үшін бір ғана мән, бір ғана негіз бар, ол жаратушы. Әл-Фараби ілімінде жаратылыс ақиқат, ақиқат туралы дұрыс білім, адам баласының жаратылыс ақиқатын дұрыс ұғынуы Бірінші Тұлға туралы дұрыс білімінен көріненді. Қазақта, «жалғыздық бір Аллаға ғана жарасады» деген ұғым осыдан туса керек. Бұның мәні адам қанша атақты болсын, данышпан, кемеңгер, батыр, сәуегей болсын, барлық адамзатты өзіне қарата берсін ол адам дүниені өзгерте алмайды, табиғатты қайта жасай алмайды, кәрілікті жеңе алмайды. Сондықтанда барлық құдірет, мінсіздік жаратылыс иесінің құдіретіне ғана үйлеседі, сол ғана барлық жаратылыстың иесі болуымен ғана дара деген ұғымды білдіреді. Зиялы адам өз заманында имандылығы, діни білімі, қабілеті, тәрбиесі, адамгершілік қасиеттері арқылы адамзатқа, ұлтына, діні мен діліне дұрыс қызмет етіп, ұрпаққа ізгілігі мол істерін қалдыра білсе адамзаттық кеңістіктегі тұлғалыққа қол жеткізбек, бірақ адам қанша кемеңгер болса да Бірінші Тұлға бейнесін біле алмайды. Демек қоғамның, адамзат қоғамының, ұрпақтың бейбіт өмірін, ізгілігін қалыптастыратын жалпыға ортақ дұрыс білім, діни сауаттылық және парасаттылық. Бұлар қашанда адамзаттық мәдениет пен өркениеттің тірегі болып табылады.

        «Бірінші Тұлға – барлық жан біткеннің өмір сүруінің бастапқы себебі. [Жалғыз] сол ғана кемшіліктен ада: басқа жан біткеннің бәрінде – Одан басқасында ең болмағанда бір кемшілік немесе бірнеше [кемшілік] бар. Ал Біріншіні [Тұлғаны] алатын болсақ, ол мұндай [кемшіліктің] бәрінен ада, өйткені Оның тіршілігі кәміл және болмысында басқаның бәрінен озық, Одан кәміл жетілген еш нәрсе жоқ және одан бұрын ешнәрсе де болмақ емес. Бұл ретте оның тіршілігі ең мәртебелі дәрежеде әрі ізге, әрі кәміл жетілген» — деп жазып кеткен Әл-Фараби [2.60 б.]. Адам баласы тарихтың қайнаған дәуірінен қанша алыстағанымен ол діннен, жаратылыс ақиқаты туралы ұғымнан алыстамайды. Дін адамзат баласының әлемінде, дұрыс өмір сүрудің жолын сақтап тұру үшін Жаратылыс иесінің адамзатқа салып берген тура жолы. Осы тура жолдың басында Бірінші Тұлға ақиқаты құр пайым түрінде емес, ақиқатты білім, парасатты түсінік, кемел ұғым болуы тиіс. Себебі ізгілікті қоғам, мемлекет халықтың дұрыс діни танымынан, білімінен шығып отырады. Әл-Фарабидің бұл ұғымына Абай өзінің Отыз сегізінші қара сөзінде былай деп жауап берген: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі –надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық.

      Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды.

Білімсіздік хайуандық болады.

     Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.

      Залымдық — адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады»[3. 100 б.]. Әл-Фарабидің, Абайдың, Жүсіпбек Аймауытовтың айтып отырғаны адамды, сол арқылы мемлекетті, ұрпақты, ұлтты сақтайтын кемел білім. Адамзаттық болмыстың мәні оның бойындағы ізгілігімен көрінсе, ізгілікті қоғамның кілті ұрпаққа таза дін, кемел білім, дұрыс ілім арқылы табысталмақ. Заманыңда білім мен ғылым бола тұрып оны дұрыс иелене алмасаң, мемлекетіңе білімің мен ғылымың арқылы көмектесе алмасаң ілгерілеу болмайды. Әлеуметтік ортадағы даму, адам болмысының өрісіндегі рухани дамудан басталады. Рухани дамудың негізінде дұрыс таным, тарих, отан, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік тұр.

      Жоғарыда айтып өткеніміздей адамзат дүниесіне, халыққа, ұлтына және оның дүниелеріне ақыл парасаты мен білімі арқылы қызмет ете білген адам зиялы адам. Шынайы (дәстүрлі) діннің өзі адамзаттан зиялылықты талап етеді. Ұлттық мүдде, халық игілігі жолында жүрген адам көкірегі ояу, мінезі дұрыс, шыдамды, қайратты, батыл болуы қажет. Нағыз зиялы адам өзін ұлтының қызметшісі санайды. Кемеңгер бабаларымыз айтып кеткендей, ұрпақтың қашанда өзін, өмірін қор қылатын нәрселерден аулақ болғаны жөн. Адамның шынайы, әрі дұрыс білімі оның танымын сақтап тұрады. Егерде надандық болса, қоғамдағы барлық кемшілік сауатсыздықтан, әділетсіздіктен, әдепсіздіктен шығар болса ұрпақ өзінің, мемлекетінің болашағына қажетті көптеген мүмкіндіктерден қолы үзуі мүмкін. Қашанда адамның дініне, діліне күш беретін білім, көркем мінез.

«Қайырымды қала тұрғындарын алатын болсақ, — деген Әл-Фараби, — ата-бабаларының көзқарастарына сәйкес олардың бойында қалыптасқан рухани жағдай олардың жандарын матерядан азат етеді» [2. 170 б]. Адам өзін қоршаған ортамен, табиғатпен, қоғаммен интеллектуалдық байланыста болуы тиіс. Интеллектуалдық байланыстың биік көрінісі парасаттылық. Ата бабаларымыз ата мекенменен парасатты негізде байланысу нәтжесінде мәдениетті, ұрпақтың мүддесіне қызмет ететін тарихты қалыптастырған.

Әл-Фарабидің идеяларынан түсінетініміз мемлекет халықтың, жеке адамның рухани болмысының толыққандылығымен, тереңдігімен нығаяды. Ел болмысының негізін құрайтын ұрпақтың болмысы болса, жаңа айтып өткеніміздей дұрыс сенім, дұрыс таным, дұрыс білім, денсаулық, табиғи ортаның тазалығы, қоғамдық ортадағы қайырымдылық, адамдардың бір-біріне деген адамгершілігі, жауаптылық мемлекетті көркейтеді. Ұрпағын дұрыс тәрбиелеп, қорғай білген елдің ұрпағы елін қорғайды.

Қай жағынан болмасын адам болмысындағы, қоғам өміріндегі жасандылық қайырымды ортаның болмысына жат. Ойшылдың өзі жазғандай, «көзсіз батырлық ерлікке ұқсас, ысырапшылық жомарыттыққа ұқсас, әзілқойлық өткір тілділікке ұқсас, жарамсақтық доскерлікке ұқсас, өзін-өзі кемсіту кішіпейілділікке ұқсас, көлгірсу адамдағы адалдыққа ұқсас. Осы шеткерліктердің ішінде жаратылысымыз бойынша өзіміздің бейімдірек тұратындарымыз бар болғандықтан, біз бұлардан cақтануымыз қажет. Қатерлі істің тұсында батылдығымыз жетпей қалушылық, жаратылысымызда өзіміз бейім тұратын сараңдық бұған мысал бола алады» [2. 222 б]. Қоғамдық ортадағы адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасының негізіндегі шынайылық ел болмысының деңгейін арттырады. Жалған нәрселермен ел мүддесіне қатысты мәселелер шешілмейді. Шынайылық, дұрыс мінез өсіп келе жатқан буынның болашаққа дұрыс бағдар (тәрбие) алуына ықпал етері сөзсіз. Себебі шынайлық пен дұрыс мінезді талап ететін қашанда уақыт.

Әл-Фарабдің ұғымынша кез келген нәрсенің шегі болады, ол шектен еш нәрсе де шығып, асып кете алмайды. Мәселен батырлықтың шегі тарих, кез-келген батырлық тарихтан асып, немесе озып кетпейді, оның ұясы тарих. Сол сияқты жалған әдетте қоғамнан, уақыттан асып кетпейді, қоғам қажеттіктері, уақыт, заман талабы шынайы мінезді талап етеді, уақыты келгенде ол айқындалып отырады.

       Әл-Фарабидің айтуы бойынша, адамды табиғатынан адамға жау деп ұғу да қате.  Қайырымдылық адамның табиғатында бар нәрсе. Адам баласынан рухани өмірдің шегі қайырымдылықты, ізгілікті талап етеді. Бұны ХХ ғасырдың басында өмір сүрген батыс ғалымдары «шекаралық жағдай» деп түсіндірген. Қазақ философиясында «жалған дүние» деген ұғым бар. Бұның мағынасы адам өмірінің мәні де, сәні де жиған дүниесімен емес, ұрпаққа, елге жасаған ісімен өлшенеді дегенді білдіреді. Сол сияқты Әл-Фараби философиясында зерделенген қайырымдылық, ізгілік мәселелері адамзат баласына ортақ, оның табиғатының мәнін ашатын, адамның тұлғалық қасиеттерін тарих қатпарынан аршып алатын құндылық.

       Адамды қадірлейтін, өзінің төл құндылықтарын дәріптейтін, сақтай алатын, кейінгі ұрпаққа дінді, адамды, табиғатты құрметтеуді үйрете білетін, құндылықтарын табыстай алатын ел ғана қайырымды мемлекетті құра алады.

      Мемлекеттің қайырымдылығы адамының рухани байлығында, барлық қоғамдық сана түрлерін (дін, білім, тарих, мәдениет, өнер, ғылым, заң және т.б.) сақтай алған, оның қызметін ұқыпты пайдалана білген  қоғам өзінің өкілі жеке адамның бойындағы қайырымдылықты оята біледі, адамының кісілігі арқылы мемлекетті қайырымды мемлекет (қала) деңгейіне шығарады. Әл-Фараби былай деген: «Діни сенімдері кейбір ескі теріс көзқарастарға негізделген реттерде қала надан немесе адасқан қала болып шығады» [2. 178 б]. Шыныменде қоғамдық ортадан оқшауланбайтын, білімі, сенімі, көзқарасы арқылы өгейленбейтін, мемлекетінің болашағын өз болашағымен ұштастыра білген елінің өмірін, дінін, тарихы мен дәстүрін, құндылықтарын сақтаудағы ата бабасының, яғни елдің тәжірибесін құрметтеп, рухани өміріне, болашағына пайдалана білетін адам қайырымды адам, қазіргі сөзбен айтқанда заманынан қалмайтын өркениетті адам.

      Қайырымдылықтың тарихта қалатын, кейінгі уақыттың құрметіне бөленетін алып бейнесі мемлекетке қол ұшын беру.  Ел, халық, ұрпақ үшін ақылды, білікті, сауатты, төзімді болу. Байлығы мен күшіне сенген мемлекет жөнінде Әл-Фараби, «…олар былай деп ұйғарған: қала біткен бір-бірімен күресіп, жауласуға тиіс, бұл қалалардың ешқандай дәрежесі жоқ, бұларда  еш бір тәртіпте жоқ және бұл жерде басқаларға қарағанда сый-құрметке немесе тағы бір артықшылыққа жалғыз өзі лайық келетін ешкім де жоқ. Олардың ұйғаруынша, әрбір өз қолындағы игіліктің бәрін емін-еркін пайдаланып, өзіне пайдалы нәрсе үшін басқаға қарсы күресуге тиіс, сөйтіп өз дұшпанының бәрін жеңіп шыққан адам-ең бақытты адам.

        Осының бәрі қалада надан қалаларға тән көптеген көзқарастың тууына себепкер болады» — деп жазып кеткен [2. 180 б].  Қазақ руханиятында несібе, ырыс, адал еңбек, ар- ұят, обал, сауап деген ұғымдар бар. Бұның түпкілікті мәні  біреудің тағдырына нұқсан келтірмеуде, біреудің ырысына, несібесіне қол созбауда жатыр. Надандық әлеуметтік ортада күш алса қоғамда тұрақсыздық болады. Өткенге зер салмайтын, бірін-бірі қолдамайтын, дұрыс сөзге тоқтамайтын, Абай айтқандай бас басына би болып шыға келетіндер надандықтың көсеуін көсейтіндер. Бұны Әл-Фараби еңбегінде былай деп түсіндірген: «Мәселен, кейбіреулердің ойынша, адамдар арасында ешбір байланыс деген жоқ, табиғи байланыс та, жасанды байланыс та болмайды, сондықтан әркім басқа біреудің мүддесіне нұқсан келтіруге тиіс, әркім өзгені жат санауға тиіс, екі адам тек зәру болғанда ғана бірігіп, тек лажсыздан ғана келісімге келмек, ал осылай біріккен күнде біреуі әрқашан да жеңуші, екіншісі жеңілуші жақ болады. Егер әйтеуір бір сыртқы жағдай бұларды бірігіп, келісімге келуге итермелейтін болса, бұлар мұны қалайда зәру болғандықтан ғана, сыртқы жағдай бұларды осыған мәжібүр еткендіктен ғана істейді. Ал осы сыртқы жағдай жоғалды дегенше-ақ бұлар сөзсіз суысып кетеді де, айрылысуға тиіс болады. адамзатқа тән көзқарастардың ішіндегі хайуандық көзқарас міне осындай»

      Әл-Фараби орта ғасыр мен жаңа заманның, шығыс пен батыс мәдениетінің ортасында, екі уақыттың, екі аймақтың ерекшеліктерін, ілімін зерттеп, адамзат өркениетінің болашағын тереңнен тани білген ойшыл. Адамзат баласына өскен ортасынан, жүрген жерлерінен жиған білімін, дін ілімінен үйренген ғылымын ұсынып, сол арқылы болашақта ғылымның, технологияның күшімен қалыптасқан адамзаттың жаңа өркениетіне үлгі болатын, жаһандану заманында адамның болашағына қамқор болатын қайырымдылықтың үлгісін жасап кеткен.

      Әл-Фараби ілімінде өз заманының ғана емес, бүгінгі уақыттағы адамзат қоғамының да картинасы бар. Қоғамда Бірінші Тұлға, яғни жаратылыс иесі туралы дұрыс діни білімнің болуы, мен меншілдік, эгоизм, бұның барлығын ойшыл өз заманында кеңінен талдаған. Адамзаттың екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің пайымдауынша мәдениеттіліктің күші мәмілеге келу. Мемлекет пен халықтың бір бағытта бір-бірін қолдап отыруы. Мәмілеге келудің  басты белгісі түсінік, түсіну, халық мемлекетті, мемлекеттің халықтың жағдайын түсінуі.

«Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірлік шығармалары»

Баяндама

Сүйеубеков Асхат Еркінбекұлы

       Қазақ топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл араб-парсы мəдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты əлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – бəрімізге танымал ұлы жерлесіміз, Батыс пен Шығысты терең білімімен бас идірген Əбу Насыр əл-Фараби.

      Ол Отырар қаласында 870 ж. дүниеге келген. Ежелгі Ұлы Жібек жолында, Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жерінде бой көтерген Отырар қаласын арабтар Фараб, Барба-Фараб деп атаған. Осында əл-Фараби жастық шағын өткізген. Нақты айтқанда, əл-Фараби Фарабтың өзінде емес, соның маңындағы Весиж қалашығында туған. Весиж — Сырдарияның сол жағалауында орналасқан қала. Археологтар Весиж қалашығы Отырардан солтүстік-батысқа қарай шамамен 20 шақырымдағы Ақжар сайында орналасқан Оксус қалашығына сəйкес келетінін анықтады. Қалашық ішкі қамалдан, қабырғамен қоршалған шахристаннан жəне рабаттан тұрады. Қалашықтың VІІІ–ХV ғасырларда өмір сүргені анықталды. Уақыт өте келе Весиж ұмытылып, асқан ақыл ой иесінің Отаны Фараб қаласы саналып кетті [1].

      Фарабидің толық аты-жөні — Əбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ əл-Фараби ат Түрки. Ат Түрки — шыққан тегі түркі дегенді, əл-Фараби — Фараб қаласынан шыққан дегенді білдіреді. Өзінің азан шақырып қойған аты — Мұхаммед, əкесінің де аты — Мұхаммед, атасының аты — Тархан, бабасы — Ұзлағ. Кейде оны жай ғана «Тархани» деп те атаған. Əл-Фараби түркі тайпасының дəулетті отбасында дүниеге келген, əкесі əскербасы болған. Бір нұсқада руы қаңлы-қыпшақ делінген. Əкесінің əскербасы болғанын «тархан» деген атаудан да байқауға болады. Біздің жерімізде мекендеген ежелгі түркі тайпалары «тархан» деп əскери лауазымды кісілерді айтатын болған. Яғни Фараби əскери ортадан шықты деп жорамалдауға əбден болады. Оған қоса тарихи еңбектерде «əл-Фараби мықты, күшті жəне ержүрек болған. Ол жебені жақсы тартқан, атқан оғы нысанаға дəл тиетін», — деп жазылған. Осыған қарағанда əкесі əскербасы болғандықтан, жас Мұхаммедтің те жауынгерлік, соғыс өнерінен хабары болған сияқты. Екіншіден, ежелден Сыр, Отырар бойын жайлаған, тарихқа ертеден мəлім қаңлы тайпасында тархан (кейде дархан деп те атайды) атты ру болған, қазір де бар. Сондықтан Фараби қаңлы-қыпшақ руынан шықты деп айтуға толық негіз бар. Тағы бір деректерде «Фарабидің əкесі Весиж қаласының əміршісі болған» деп те айтылады [2; 6].

      Сол тұста өмір сүрген зерттеушілердің қалдырған еңбектеріне қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мəдениет орталығы болған. Отырардағы кітапхана, ел аузындағы аңызға қарағанда, кітабының саны жағынан атақты Александрия кітапханасынан соң екінші орында болған. Əл-Фарабидің ғылымға деген ынтасы осы

        Отырар кітапханасында пайда болған сияқты. Осы аймақты мекендеген тайпалардың сонау арғы заманнан қалыптасқан өнері, ғылымы, түркі тілдес жазуы болған.

Бала Мұхаммед қала медреселерінің бірінде сауатын ашып, хат танып, Отырар кітапханасының мол қорынан сусындап өскен. Тіл үйренуге жастай көңіл қойған тəрізді. Өйткені араб тарихшысы ибн Халликан «əл-Фараби 70-ке жуық тіл білген» деп жазып қалдырған. Ғалымдардың бір тобы: «Бұл шындыққа жанаспайды» десе, біраз ғалымдар ибн Халликанның жазғандарын мақұлдап, қайталап та жүр. Яғни бала Мұхаммед өз кезіндегі ұлы ғұламалардың еңбектерін оқу үшін жастайынан тіл үйренуге ден қойғандай.

Ұлы ойшылдың өмірбаянына қатысты кейбір деректер

Зерттеуші-ғалымдар əл-Фарабидің балалық, жастық шақтары туралы мардымды əңгіме айтпайды. Себебі ұлы ғалымның өмірінің бұл кезеңі туралы мағлұматтар жоқтың қасы. Сондықтан да зерттеушілер ұлы ойшылдың өмірбаянын оның елуден асқан шағында Бағдад шаһарына қоныс аударуынан ғана бастайды. Оның ғылым жолындағы ізденістері мен ұзақ сапарлары нақ осы кезден басталса керек.

Əл-Фараби жастайынан түрлі ғылымды оқып үйренді. Оның ақыл-ойының ұшқырлығы мен білімінің молдығына тəнті болған талай жан еріксіз таңдай қаққан. Ол араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерді.

     Ол кезде мұсылман дүниесінің рухани орталығы Месопотамия болғандықтан, жас Əбу Насырды (Нəсірді) ата-анасы Таяу жəне Орта шығыс елдеріне сапарға дайындайды. Бірақ ол Бағдадқа бармас бұрын жолай Шаш пен Самарқан, Бұхара шаһарларына соғып, білімін молықтырған секілді. Əйтсе де Əбудің мұнда қанша болғаны жайлы араб шежілері ештеңе айтпайды. Кейін ол жолай Иран еліндегі Мешһед, Нишапур, Рей, Исфаһан қалаларына келеді. Иран халқының мəдениетімен танысады. Содан соң əрі қарай Бағдадқа аттанады

          Əбу Насырдың Бағдадқа баруының өзіндік себептері бартын. Сол уақытта Бағдад шаһары ғылым мен өнерге ден қойған адамдарға қақпасын кең ашып, оларға ғылыммен айналысу үшін бар жағдайды жасаған. Бағдадта «Байт əл-Хакма» атты ғалымдар үйі жəне əлемдегі ең бай кітапхана болған. Екіншіден, сол кездері Бағдад халифатын басқарған Аббас əулетінің сенімді уəзірлері негізінен түркістандық Фараб қаласынан болыпты.

Бағдад шаһарында əл-Фараби логиканы Əбу Бишр Матта ибн Юнустан үйреніп, кейін өзі ұстазынан да асып түседі. Лингвистикалық ғылымдарды жетік меңгеруді қалап, грамматика саласының маманы Əбу Бəкір ибн əс Сирадждан грамматикадан дəріс алады. Əли Юхан ибн Хайланнан тəуіптік өнер (медицина) мен логика саласынан дəріс алған.

Сонымен, ұлы ойшыл біраз жылдар Бағдад шаһарында ғылыми ізденістермен айналысады. Содан кейін Шам аймағына қоныс аударады да, сексен жасқа жетіп, өмірден өткенше сол өлкеде қалады.

       Шам аймағына келгеннен кейін əл-Фараби алғашында Дамаск қаласындағы бір бақта бағбан болып жұмыс істейді. Мұнда ол жеміс ағаштарын баптай жүріп ғылыммен айналысуын əрі қарай жалғастырады. Ол, əсіресе, логика ғылымын терең зерттейді. Осы салада бұрын-соңды жазылған еңбектердің бəрін парақтап оқып шығады. Тұрмысының жұпынылығына қарамастан, қолындағы бар қаражатын кітап сатып алуға жұмсап, күні-түні ғылыммен айналысады. Ол бақ қарауылшысы ретінде берілетін май шамның жарығымен талай томдарды оқып тауысады. Өзінің еңбектерін де жазып шығады.

Еңбектері шартарапқа тараған соң есімі дүниеге əйгілі болады. Уақыт өте келе оны білім иелері мойындап, өз заманының бірегей ғұламасына, біртуар дара тұлғасына айналады. Əл-Фарабидің аса парасаттылығы туралы естіген Халеб қаласының əкімі Сəйф əд-Дəулə (Сайф ад-Дəула) əл-Хамдани оны басқа да мұсылман ғалымдарымен бірге сарайына шақырып, құрметтеп, қонақ қылады. Ұлы данышпанның даналық сөздерін ден қойып тыңдаған əмірші оны өзіне жақындатуды ойлайды. Оны қазылыққа тағайындайды.

Əл-Фараби киетін киімі мен тұрмысына аса көп назар аудармайтын. Оның қарапайым тіршілік кешкені сондай, кейде тіпті, тек қана қара сумен күнелткен кездері де болған.

Ұлы ойшыл қазылық қызмет атқарып жүрген тұсында да ғылымнан қол үзген емес. Бірде таным өрісін одан əрі кеңейтіп, білімін молайта түсуді көздеген данышпан қазылық мансаптан бас тартады. Одан кейінгі өмірінде ғылымның алуан түрлерімен, өнермен шұғылданады.

       Ол өз дəуірінің материалдық жəне рухани мəдениет жетістіктерін жинақтаумен қатар, озық философиялық жүйені жасады. Сол арқылы əлеуметтік-философиялық, этика-эстетикалық, жаратылыстану-ғылыми ой қазыналарына бағалы үлес қосты.

Ұлы данышпанның ғылыми еңбектері туралы қысқаша мəліметтер

Əбу Насыр əл-Фарабидің өзінен: Сіз қандай ғылымдар саласында еңбек еттіңіз? — деп сұрай қалсақ, ол не дер еді? Біздің ойымызша, ол былай дер еді: Менің айналысқаным бір-ақ түрлі ғылым, оның аты — «Табиғат пен адамзат» деп аталады. Оп-оңай, екі-ақ ауыз сөз. Бірақ осы екі сөздің шеңберінен тыс ғылым қайда, ондайды естіген жан бар ма? Олай болса, Фараби қамтыған ғылым мен өнер жоқ деуге болады.

Ол жаратылыстану, философия, астрономия, математика, медицина, логика, этика, метафизика, жағрафия, əдебиеттану, тіл білімі, музыка сияқты ғылым салаларынан 164 трактат жазғаны мəлім [4; 192, 193].

Бір қызығы, Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш. Штейшнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А. Атеш — 160, ал тəжік ғалымы Б. Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді [5; 111].

Келтірілген еңбектер санының өзі Фарабиден бізге көп мұра қалғанын байқатады. Мың жылдан асса да осынша рухани мол дүниесінің қолдан қолға өтіп бізге аман жетуі Фарабидің ұлылығының, данышпан білімпаздығының тағы бір айғағы болса керек. Ендігі парыз осы еңбектердің барлығын жинап, екшеп-талдап ұрпақтар кəдесіне жарату болып отыр.

Əл-Фарабидің мұрасын зерттеуге жол ашқан немістің атақты ғалымы Дитерици болды. Осынау зерделі зерттеушінің бағалауынша, əл-Фараби ғылымдағы ержүрек қаһармандар санатына қосылады. Ол «соқыр сенім кесапатына қарсы, өзінің тарихын қанмен жазған, рухани бостандық пен гуманизмнің қасиетті заңдарын таптау үшін бар зұлымдығын жасап баққан баққұмар мансапқорлыққа қарсы аянбай күресті» [6].

Əбу Насыр əл-Фараби өзінің барлық жұмыстарын адамға арнады. Арабтілді философтар шешкен басты мəселелер – білім, таным, дүниедегі Ақиқатты іздеу мəселелері болды.

«Әбу Насыр әл-Фараби және қазіргі заман»

Баяндама

Тоқтасынова Майра

     Адамзат тарихында ғылыми ойдың үздіксіз даму барысында «өзін танымақтың» немесе «жан қуаты» туралы ойлардың қалыптасу жолдарын танып білу күрделі мәселеге айналып, бастан-аяқ қарама-қарсы көзқарастардың өріс алуына түрткі болды. Адамның өзін танымақтық жөніндегі ілімнің алғашқы қадамы көне дүние философтарынан басталса да, оны өз заманында ғылыми жүйеге түсіріп, қалыптастырған Фараби еңбегі ерекше көзге түседі. Жалпы «жан қуаты» немесе «өзін танымақтық» жайлы күрделі ой сарасына қазақ топырағында арғы заманда Фараби, соңғы дәуірде Абайға терең барлап барған. Абай өлеңдері мен қарасөздеріндегі жан қуаты жайлы ой толғануында «жан құмары», «жанның жибили қуаты», «жан қуаты», «жанның азығы» т. б. осы іспеттес филос. сарындағы ойларын таратқанда: «Жан қуаты деген қуат-бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сиғызбайды» — деп, айрықша ескертуінің өзіндік себептері бар. Бұл тұжырымынан ақынның «өзін танымақтығы» жөніндегі ілімнің тарихымен толық таныстығы анық байқалып, өз тарапынан ойларын кең түрде тыңдаушыларына молынан жеткізе алмаған өкініші де сезіледі. Жан қуаты жөнінде Фараби қолданған филос. терминдер Абайдың өлеңдері мен жетінші, Он жетінші, Жиырма жетінші, Отыз сегізінші, Қырық үшінші қарасөздеріңде сол түпнұсқадағы қапыңа немесе қазақы ұғымға сай балама сөздермен беріледі. Ақынның Он төртінші, Он жетінші қарасөзі мен «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек…», «Көзінен басқа ойы жоқ…», «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа…», «Алла деген сөз жеңіл…», «Жүрек — теңіз, қызықтың бәрі асыл тас… «өлеңдерінде арнайы сөз болып, талқыланатын ақыл, қайрат, жүрек жайлы филос. мағынадағы ойларының бастау алар көзі Фараби еңбектеріңде жатыр.

           Фарабидің қоршаған орта болмысының сырын тануда басты орын алатын сезім мүшелері — хауаси хамса жайлы филос. ұғымдары Абайдың Жиырма жетінші, Отыз сегізінші қарасөзі мен «Алла деген сез жеңіл» өлеңінде сол түпнұсқадағы қалпында берілген. Ақынның «Жансыз жаратқандарынан пайда алатын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайдаланатын ақылды инсанды (адамды) жаратыпты» деген тұжырымы дүниенің жаралуы жайлы Фарабидің тәңірі әуелі жансыз дүниені, есімдіктерді, жан-жануарларды, содан соң ақыл иесі адамдарды жаратқан дейтін сатылы танымынан туындайды. Бұл таным Фараби көзқарасының әлсіз жері болса, Абай танымының да осал жағы болып табылады. Ойшыл ақын өз шығармаларында Фараби дәстүрімен хауаси хамса заһириге ерекше мән береді. Ақыл, сана дегеніміз бізді қоршаған өмір шындығының сыртқы бес сезім арқылы, яғни, танымның жибили қуаты мен адамның санасында сәулеленуінен пайда болатын рухани құбылыс деп таниды. Абайдың ақыл мен сананың пайда болуы туралы дүниетанымының негізі Фарабидің «Ақыл дегеніміз тәжірибеден басқа ешнәрсе де емес» (әл-Фараби. Философиялық трактаттар, 295-6.) деген ой желісімен өзектес келеді. Фараби жан қуатын қозғалт тыратын қуат және танып білетін қуат деп екіге бөліп, адам бойындағы танып білетін қуатты ішкі және сыртқы жан қуаты ретінде қарастырады. Фарабидің бұл танымы Абайдың шығармашылығында сол тұрғыдан психол. ұғымдардың баламасы ретінде сөз етіледі. Ақынның қарасөздерінде адамның сыртқы бес мүшесі мен ішкі сезім мүшелері бірлікте алынып, хауас ретінде түсіндіріледі. Абайдың хауас үғымы-көбінесе, бейнелеу қағидасымен (ахси жиһан) ұштасатындықтан, Қырық үшінші сөзінде адам бойындағы жан қуаты жөніндегі Фараби танымдарымен іштей сабақтасып жатады. Ақынның «адамды танымақтық» деп өз алдына сараланатын ұғымдары Фарабидің жан туралы ойларымен өзектес келеді. Фарабидің адамның дүниені танып білу қуатына (әл-қуат алмутехаййла) ерекше мән бере қараған, негізгі ой желілері Абайда арнайы сөз болатын хауас, хауаси хамса заһири, хауас сәлем ұғымдарынан көрініс тапқан. Фараби жан қуаты жөнінде өзіндік соны ойлар желісін таратқанда, оларды өсімдік жаны, хайуан жаны, адам жаны деп үшке жіктеп, таным процесін адам жанына тән тума қасиет ретінде қарастырады. Осындай тұжырымдар Абайдың Жетінші, Он тоғызыншы, Жиырма жетінші, Отыз сегізінші, Қырық үшінші сөздерінде ұшырасады. Жетінші сөзінде «жанның тамағы» жайында тоқтала келіп, Абай: «… өрістетіп, өрісімізді ұзартып құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді», — деп, оны жан құмары арқылы дамитын сезім тұрғысында түсіндіреді. Жиырма жетінші сөзінде хайуан мен адам арасындағы ерекшелікті олардың дүние тану үрдісіне қарай жіктеп, «… Һәмма мақлұққа да қара, өзіңе де қара, жаңды бәрімізде де беріпті. Жанның жарығын бәрімізге де бірдей ұғарлық қылып беріп пе? Адам алдын, артын, Һәм осы күнін — үшеуін де тегіс ойлап тексереді. Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тексермекке тіпті жоқ» деп тану қабілетінің адамда зор сапалық ерекшелікте болатынын атап өтеді. Ақын Фарабидің түсіндіргеніңдей жан құмары, жан қуаты деген қасиеттер тек адамға ғана тән нәрселер деп таныған.        Фараби заманында мұсылман қауымының ой санасында бүкіл болмысты, ондағы сан түрлі құбылыстың бәрін мүтекәллимиңдік негізде түсіндіретін жаңа бағыт қалыптасты. Мүтәкәллиминдердің танымындағы түбірлі қателігін аяусыз сынаған Фарабидің сыншыл ойын Абай панисламизм идеясы қанат жайған тұста одан әрі дамыта түсті. Ақынның Фараби сынаған мүтәкәллиминді: «Ақыл мен хауас барлығын, Білмей дүр жүрек, сезе дүр, Мүтәкәллимин, мантикин, Бекер босқа езе дүр..,» — деп, түбегейлі әшкерелеп терістеуінде терең таным сыры жатыр. Абай арнайы көтеріп отырған хауас жайындағы ұғымы ақын шығармаларында «хауаси хамса заһири», «хауас сәлем», «хауас»деген үш түрлі мағына даушы растады. «Алла деген сөз жеңіл» өлеңіңде мүтәкәллиминдер мен логиктердің хауасты түсіндірудегі пайымдауларын әшкерелей терістеуі ақынның әлеум. ортасындағы батып сыншылдық бағьггты танытты. Абайдың дүниетанымындағы ерекше назар аударар нәрсе ақынның Фараби түзген ғылымды классификациялау принципі мен таныс болуы. Ақынның Фараби жасаған ғылымды жүйелеудегі принципімен таныстығы жеңілде нақтылы дерек жоқ. Дегенмен де, Абай шығармаларында ғылымды жүйелеу жөніндегі пікірін белгілі бір дәрежеде нақтылы деректермен білдіреді. Мәселен, Қырық бірінші сөзінде. «… дүниеде есепсіз ғылымның жолдары, бар, сол әрбір жолда бір медресе бар…», — деп, ғылым салаларының молдығын, нақтылы атауларын жеке-жеке атап өтеді. Ақынның Отыз сегізінші сөзінде ғылым салаларын біршама жүйелеу принципі ұшырасады. Ғалым, хакімдер туралы пікір қозғағанда:«… адам баласының ақыл-пікірін ұстартып, хақ бірлән батылдықты айырмақты үйреткендігі…» — деп, қоғамдық ғылымдарды өз алдына дербес топтастырады. Абай Отыз сегізінші сөзіндегі «адамның білімі», «алланың ғылымы», «өзіндік ғылым», «дүниенің ғылымы», «заһири ғылым», «дүниені танымақтық» тәрізді ғылым салаларын Фарабидің филос. тұжырымдарында қолданылатын атау сөздермен не қазақы ұғымға сай балама түрдегі атаумен қарастырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *